ШҚО ғалымдары су тазартатын сүзгі өндіре бастады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемендік ғалымдар ондаған жыл бойы жүзеге асырып келе жатқан ғылыми жұмысты түйіндеуге таяу қалды. Бүгінде олар су тазартатын фильтрді патенттеп қойған. Енді құжат жұмыстарын аяқталған соң, сатылымға да шығармақ.

Фото: Қыдырмолла Ақатанның жеке мұрағатынан

Қор тарапынан қолдау

Су тазартатын фильтр – он жылдық табанды жұмыстың жемісі. Жобаның қалай іске асқаны туралы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхана меңгерушісі Қыдырмолла Ақатан айтып берді. 

– Су тазартатын сүзгі жасау үшін он жыл көлемінде зерттеу жүргіздік. Ғылым қорының қаржыландыруымен сүзгі өнімдерін шығару бойынша грант ұтқан болатынбыз. Коммерцияланған жоба ретінде үш жыл қаржылай қолдауға ие болдық. Біз әзірлеген су тазартатын сүзгі ел көлемінде танымал су тазартқыштарына ұқсас, яғни үш сатылы. Ерекшелігі сол, сүзгінің сыртқы пластик қабатынан бастап барлық бөліктерін өзіміз әзірлейміз. Ал, сыртқы қабатының ішіндегі су тазартатын негізгі сүзгі бөліктері ауыл шаруашылығы қалдықтары және өсімдік биомассаларынан көміртекті сілтілеп алуы арқылы жасалады. Осы арқылы суды тазарту дәрежесін жоғарылатамыз, - деді зертхана жетекшісі. 

Фото: Қыдырмолла Ақатанның жеке мұрағатынан

Сатылымға қашан шығады?

Бұдан бөлек, құрамына көміртегі бар инновациялық материалдар да қосылады екен. Осы арқылы су құрамы ластанбайды. Химиялық түрлендіруден өткен соң фильтрлеуші элементтер әзірленеді. Осыған дейін Ғылым қоры бөлген грант есебінен өндірістік цехқа қажет жабдықтар сатып алынған.

Қуанарлығы сол, шикізат іздеп, алысқа тапсырыс берудің, шығындалудың қажеті жоқ. Бәрі жергілікті. Зертхана жетекшісі жоғарыда айтқандай, агроқалдықтарды дұрыс іске жаратса болды.

Фото: Қыдырмолла Ақатанның жеке мұрағатынан

– Мәселен, корпус шығаруға жұмсалатын полимерлік материалдар мұнай өнімдерінен жасалады. Ол өзіміздің Атырау өңірінде бар. Павлодар мен Шымкентте де жоқ емес. Қосымша өнім ретінде шығарылатын полиэтилендік түйіршіктер қолданылады. Сүзгінің өзін сертификаттаудан өткіздік. Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік сертификатына қол жеткізіп, «Aqua-Saf» тауарлық белгісін патенттеп алдық. Жасалған өнім атауы осындай. Сосын сүзгі элементтерін әзірлейтін технологияны патенттедік. Барлығы осы университет меншігінде. Бұйырса, биылдан сатылымға шығарамыз. Көктем аяқталмай іске асуы тиіс, - деді Қыдырмолла Ақатан.

Ғалымдар жоғары оқу орнының бір корпусында жүріп, тағы бірнеше бағытта жаңалық ашулары әбден мүмкін. Тауарлық белгі алған сүзгі осының бір тармағы ғана. Жастар осы жолы өнім шығаруды біржақты етті. Әйтпесе полимерлік материалдар сияқты басқа да технологиялар аз емес. Ол үшін шикізатты өңдейтін станоктар мен өзге де құрылғылар түрлі жүктемедегі жұмысқа дайын.

Фото: Қыдырмолла Ақатанның жеке мұрағатынан
Фото: Қыдырмолла Ақатанның жеке мұрағатынан

Еске салсақ, осыған дейін ғалымдар жүрек қатерлі ісігінің неге сирек кездесетінін анықтағаны хабарланған.