Өңір әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, Глубокое ауданындағы «Семена масличных» элиталық тұқым шаруашылығы егінге орақ салды.
1997 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан бұл шаруашылық қазіргі күні төрт мың гектар алқапты игеріп, майлы және дәнді дақылдардың ең тиімді деген элиталық сұрыптарын өсіріп жатыр. Шаруашылық бүгінгі күнге дейін дәнді дақылдың 30 пайызын орып алды. Астық түсімі мол, гектарынан 30-50 центнерден айналуда.
«Семена масличных» ЖШС дәнді және майлы дақылдарды селекциялаумен, аудандастырумен, олардың жаңа түрлерін шығарып, өндіріске енгізумен айналысып келеді. Осы шаруашылықта өсіріліп, таратылып жатқан сұрыпталған бидайдың, майлы дақылдардың элиталық түрі Шығыс Қазақстан облысында, жалпы елімізде үлкен сұранысқа ие.
«Тұқым шаруашылығында өндірістік қана емес, элиталық тұқымдарды аудандастырумен, селекциялаумен айналысып отырған ғылыми бөлім бар. Соңғы жылдары мұнда Қазақстанның селекциялық жетістіктері реестіріне енгізілген күнбағыстың элиталық «Алтын», «Шығыс», «Восточный» сынды күнбағыстың жаңа гибридтері мен «Сибинский» сорттары өсірілуде. «Гүлім» сорты мемлекеттік сынақтан өткізіліп жатыр», - деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.
Қазіргі күні Қазақстандағы 300 ден астам ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер Тарханкадағы осы элиталық тұқым шаруашылығының жоғары сортты тұқымдарын пайдаланып отыр.
«Көктемде ылғал өте жоғары болды. Соның арқасында егініміз биыл бітік шықты. Өткен жолы жауып өткен қатты жаңбыр егіннің біраз алқабын жапырып, құлатып кетті. Енді сол алқаптарды жауынның астында қалдырмай тезірек жинап алуымыз керек. Техникамыз жеткілікті. Былтыр ғана лизингке екі үлкен комбайн сатып алдық. Шаруашылықта 50 адам жұмыс істейді. Өткен жылы ала жаздай қуаңшылық болып, күзде толассыз жаңбыр жауып астықты жинап алуға көп кедергі келтірген болатын. Биыл да ауа райының да қас- қабағына қарап, тыпыршып отырмыз», - дейді шаруаның жайымен таныстырған «Семена масличных» ЖШС басшысының бірі ғалым-агроном Людмила Цыбенко.