Аудандық Достық үйі «Келісім» жобасы аясында студенттерге арнайы шара өткізді.
«Медиациялық қызмет – келісім жолы» атты семинар-тренинг сайыс түрінде ұйымдастырылды.
«Ең әуелі студенттер екі топқа бөлінді. Командалардың құрамы ұлдар мен қыздар болып араласып, жастарына, физикалық дамуына да қарай бөлінді. Конкурстық тапсырмалар сан алуан болды. Мұндай тәсіл бүкіл семинар-тренингтің бәсекелестіктен гөрі диалог алаңына айналып, студенттердің жан-жақты дамуына жол ашты», - делінген Достық үйінен таратқан ақпаратта.
Жастарға тек логикалық ойлау ғана емес, теориялық және практикалық білім мен дағдыларды шығармашылықпен пайдалана білу, әртүрлі сұрақтарға тез және нақты жауап беру қажет болды.
Сонымен қатар студенттердің медиация заңдылықтары мен медиация тәсілінің ерекшеліктері туралы түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік жасалды.
«Шараның басты мақсаты – студенттерді екі жақ тараптың әрқайсысының мүддесі болатын күрделі, даулы жағдайларды шешудің және алдын алудың жаңа әдістеріне үйрету. Оқу-тәрбие процесінде мұғалімдер, тәрбиешілер, оқушылар, олардың ата-аналары арасында түрлі оқиғалар болып жатады. Соларды дұрыс шеше білу қажет. Семинар-тренинг соңында қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Өз ризашылықтарын білдірген жастар шарадан біраз дүние түйіп қайтқандарын жеткізді», - делінген мәліметте.