ШҚО: Глубокое ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Құтқарушылар Шығыс Қазақстан облысының Глубокое мен Прогресс ауылдарының басты көшелерінде еріген қар суын ұстап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.

Жергілікті құтқарушылар аудандық әкімдікпен бірлесіп тасқын судың алдын алу, сондай-ақ үйлерді су тасқынынан қорғау бойынша іс-шаралар жүргізді. Автожол бойындағы арықтар даладан келген еріген қар суының арынына төтеп бере алмай қалды. Құтқарушылар және әкімдіктің күшімен тасжолға инертті материал төселді, сондай-ақ кей учаскелерде су сорып алынды.

Қазіргі таңда Глубокое және Прогресс ауылдарындағы жолдарға шамамен 2000 қап төселді. Жұмыстарға «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» жеке құрамынан 12 адам, сондай-ақ жергілікті атқарушы органнан 50 адам жұмылдырылды.

Қазіргі таңда тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Тәулік бойы бақылау жасалуда.