ШҚО: Глубокое ауданында үйсіз қалғандарға 60 млн теңге бөлінді
Кездесу барысында Даниал Ахметов елдің талап-тілектерін тыңдап, апаттың зардабын жою бойынша атқарылатын жұмыстармен танысты. Ауданда әлі де болса табиғи сипаттағы төтенше жағдай сақталуда.
Соңғы дерек бойынша Прогресс, Белоусовка, Предгорное және Глубокое кентіндегі 176 үйге арнасынан асқан өзен суы кіріп кеткен.
«Зардап шеккен азаматтар үшін мектептерде уақытша тұратын орын ұйымдастырылды. Екі күннің ішінде жағдайды бағалап, жұмыс істейміз. Кімде-кімнің үйі қирап, мүлдем іске жарамсыз болса, үй сатып алып береміз. Ол үшін ауданға 60 миллион теңге бөлінді. Барлық шығындарыңыз есептеліп, орны өтеледі. Бірақ, жағдайды пайдаланып, үйлерін өз қолымен қирату деген болмасын, - деді Даниал Ахметов.
Айта кету керек, тұрғындардың киім-кешек, азық-түлік сияқты тұрмыстық қажеттіліктері үшін кеше 10 млн теңге жолданған болатын.