Су тасқынынан зардап шеккен өңірлеріне көмек көрсету мақсатында ШҚО Достық үйі мен облыстық волонтерлер фронт-офисінің штабы құрылған.
«Тасқынның зардабын тартқан аймақтар үшін қол ұшын созуға қоғамдық ұйымдар, этно-мәдени бірлестіктер, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары және елдегі жағдайға бей-жай қарамайтын тұрғындар белсене қатысты. Соның арқасында, қазіргі уақытта 15 тоннадан астам азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар жиналды», - деді штаб басшысы Равиль Юнусов.
Көмек берушілердің қарасы күн санап көбеюде. Атап айтқанда, бүгін Күршім ауданынан көмек келіп, облыстық мешіттің қауымы да үлкен үлес қосты. «Normal Nomad» ЖШС 5 тонна ұн бөліп, зардап шегушілерге жәрдем берді.
Гуманитарлық көмек Өскемен қаласының Горький көшесі, 48 және Назарбаев даңғылы, 68 мекен-жайларында қабылданады. 10 сәуірде гуманитарлық көмектің бірінші бөлігі жіберіледі.