Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Күршім ауданында қар құрсауында қалған ауылдардың бірі – Қайнарлы. Онда мүлде жол жоқ. Сол ауылдағы жүкті әйелдің толғағы келген. Құтқарушылар оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізу үшін көмекке ұмтылды.
«ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жол талғамайтын «Шерп» көлігімен қарда қалған Қайнарлы ауылына шықты. Олар ауылға дейін биіктігі 1,5 метрден асатын қар қалыңдығын еңсеріп, жолды қақ жарып отырып жетті», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ауылға табан тіреу үшін 7 сағаттан астам уақыт кеткен. Табандылық танытқан құтқарушылар 2002 жылғы жүкті әйелді Марқакөл ауылында орналасқан ең жақын ауруханаға қауіпсіз жеткізді.
Еске салсақ, осыған дейін қар құрсауында қалған Күршімде төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған.