ШҚО кәсіпорындары экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 200 млн теңгеден астам айыппұл төледі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері экологиялық заңнаманы бұзудың 42 дерегі анықталды.

Фото: акимат ВКО

Алты ай ішінде облыстық Экология департаментінің мамандары 27 тексеру жүргізген. Оның басым бөлігі жоспардан тыс жасалды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорындар мен лауазымды тұлғаларға жалпы сомасы 207,1 млн теңге болатын 43 әкімшілік айыппұл салынды.

Департамент басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменовтің айтуынша, мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижесінде 21 нұсқама беріліп, осы күнге дейін 203,8 млн теңге өндірілген.

Инспекторлар негізгі назарды өнеркәсіптік кәсіпорындарға аударған. Жыл басынан бері «Қазцинк» ЖШС нысандарында төрт жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, бірқатар заңбұзу анықталды.

Атап айтқанда, шығарындыларды рұқсат етілген нормадан асыру, тазарту құрылғыларын пайдалану талаптарының бұзылуы, топырақтың ластануы және өндірістік қалдықтармен жұмыс істеу талаптарының сақталмауы тіркелген.

— Біздің міндетіміз тек жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Әр тексеру нәтижесінде тиісті нұсқама беріледі. Ал кәсіпорындар анықталған заңбұзуды белгіленген мерзімде жоюға міндетті, — деді Әсет Сүлейменов.

Экологиялық бақылау тек ірі өндіріс орындарымен ғана шектелген жоқ. Жыл басынан бері мамандар қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, коммуналдық инфрақұрылым нысандарын және кәріз-тазарту құрылыстарын тексерді.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда экологиялық талаптарды бұзған 200 көлік анықталғаны хабарланған