ШҚО кәсіпорындарында биыл 70-тен астам жазатайым оқиға болды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындарда жыл басынан бері 74 жазатайым оқиға болып, 94 адам зардап шекті.

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Өңірде биыл еңбек заңнамасын бұзудың 456 дерегі анықталды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ШҚО бойынша департаменінің инспекторлары жалпы саны 350 тексеру жүргізіп, заң талаптарының орындалуын бақылады. 

- Жыл басынан бері бізге жеке және заңды тұлғалардан 2 мыңнан астам өтініш түсті. Олардың басым бөлігі еңбек қатынастарына қатысты. Тексеру нәтижесінде 212 нұсқама беріліп, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 19,6 млн теңгеге айыппұл салынды, - дейді департамент басшысы Бақытбек Қизатов. 

Облыс кәсіпорындарында 74 жазатайым оқиға тіркеліп, 94 адам зардап шеккен. Оның ішінде 9 адам қаза болып, 46 адам ауыр жарақат алды. 

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері - жұмыстарды ұйымдастырудағы кемшіліктер мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы.

- Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Сондай-ақ биыл жұмыскерлерге 293,6 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі төленіп, 964 адамның еңбек құқықтары қорғалды, - дейді Бақытбек Қизатов. 

Алайда әлі күнге дейін екі кәсіпорынның 19 жұмыскерге 16,5 млн теңге жалақы берешегі қалып отыр. 

Еске салсақ, биыл Павлодарда өндірістік жарақаттан 11 адам көз жұмғаны хабарланған.