ШҚО Күршім ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев «Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Күршім ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Өз сөзінде ол аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

«Аудан бойынша мал саны өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда біршама өсті. Жылқы саны – 8,9 пайызға, ірі қара – 0,4 пайызға, қой мен ешкі – 2,2 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінде де өсім бар. Нақты айтқанда, сүт өндіру – 3 пайызға, ет өндіру – 3, жұмыртқа өндіру – 0,8 пайызға артып отыр. Жедел деректер бойынша осы жылғы егіс алқабы 30 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар – 2,9 мың гектар, майлы дақылдар – 1,9 мың гектар, жем-шөп дақылдары – 22 мың гектар, картоп – 1,5 мың гектар, бақша дақылдары – 0,8 мың гектар, көкөністер – 800 гектар», - деді Алмат Ақышев.

Оның айтуынша, Күршімде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жыл басынан бері 4036 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

«Қазіргі таңда аудандағы жұмыссыздар саны – 468 адам. Биыл 999 жаңа жұмыс орны құрылды. Соның нәтижесінде, 467 азамат жұмыспен қамтылған. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде ақылы қоғамдық жұмыстарға 247 адам тартылды. Сондай-ақ «Жастар іс-тәжірибесі» жобасы аясында 25 жас маман жұмысқа орналастырылды», - деді аудан әкімі.