ШҚО құрылысшылары Арыстағы 541 үй мен ғимаратты қалпына келтіреді

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде Арыс қаласы тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету және қолдау бойынша облыс әкімі Даниал Ахметовтің брифингі өтті, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

Айта кету керек, шығысқазақстандықтар Арыс қаласының тұрғындарына апат болған алғашқы күннен бастап барынша көмектерін көрсетуде. Өңірде арнайы штаб құрылып, түсіп жатқан қаражат пен материалдық заттарды бақылауға алу үшін құрамына қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері мен блогерлер кірді.

Өңірдің ірі кәсіпорындары және тұрғындарының қолдауымен Арыстағы қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін қазіргі таңда 168 миллионнан астам теңге жиналды. Гуманитарлық көмек «Nur Otan» партиясының филиалдары арқылы жиналуда. Кеше облыс орталығынан 200 тоннадан астам гуманитарлық жүк жөнелтілді. Оның ішінде 150,3 тонна ұн, 22 тонна күнбағыс майы, 7,6 тонна макарон өнімдері бар. Жалпы саны 5 мыңнан аса алғашқы тұтынымдағы тауар атаулары кіреді.

Даниал Ахметов атап өткендей, 2 шілде күні аймақ басшысы бастаған Шығыс Қазақстан делегациясы Арысқа ат басын тіреп, 8-інші сектордағы нысандардың жағдайымен танысты. Айта кету керек, қала 17 секторға бөлініп, олардың әрқайсына нақты облыс бекітілді.

- Шығыс Қазақстан аз уақыт ішінде жарылыс кезінде зардап шеккен 541 нысанды қалпына келтіруге мүдделі. Олардың 522-і жеке үйлер. 6 үй тұруға мүлдем жарамсыз. 12 баспананы қайта қалпына келтіреміз. Мен Елбасымыз бен Президентіміздің тапсырмасы бойынша Арыс қаласына бардым. 60-тан астам үйдің жағдайымен таныстым. Іргесінен бастап, төбесіне дейін толық қарап шықтым. Тұрғындарға бір айдың ішінде бұл жұмыстарды бітіретіндігімізді жеткіздім. Қазіргі таңда шығынды бағалау және ауқымын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. 140 адам жұмыс істеуде. Жақын арада олардың қатары артады. 10 шілдеге дейін қосымша 50 мың шаршы метр шатыр жабындыларын жібереміз. Келесі апта тағы да Арыс қаласына барып қайтамын, - деді Даниал Ахметов.

Жалпы, өңірдің 25 құрылыс компаниясы іске кірісуге дайын екендіктерін жеткізді. Оқиға орнында мамандар жұмыс жүргізуде. Алдағы таңда үй төбесі мен терезелерді жөндейтін 200-ден жуық қосымша маман жолға шығады.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облыстың өзге балаларының демалысын шектемей, бұған дейін алынған жолдамаларды кері қайтармай Арыстың 300 баласын өз лагерьлеріне қабылдайды. Бүлдіршіндердің демалыстарын ұйымдастыру, яғни, Түркістаннан лагерьге дейінгі, сондай-ақ, кері қайтар жол, тамақ пен жатар орын шығындары қалалар мен аудандардың есебінен жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар