ШҚО құтқарушылары балалар лагерьлерінде жиі кездесетін заңбұзушылықты атады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстанда құтқарушылар балаларды сауықтыру лагерьлерін тексеріп жатыр. Өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша ең көп тіркелген олқылық — эвакуациялық шығу жолдарына әртүрлі заттардың қойылуы.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тексеру барысында мамандар төтенше жағдай кезінде балаларды жедел эвакуациялауға кедергі келтіруі мүмкін заттарды анықтап жатыр.

— Лагерьлер ашылар алдында олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Әрбір нысанда эвакуация жолдарына қойылған тумбалар, үстелдер, орындықтар және басқа да заттар кездеседі. Әдетте әкімшілік мұндай ескертулерді тексеру жүргізілген күні-ақ жояды, — делінген ақпаратта.

Құтқарушылардың айтуынша, көзге елеусіз көрінетін мұндай кедергілердің өзі төтенше жағдайда шешуші рөл атқаруы мүмкін. Өйткені ондай кезде әр секунд маңызды.

Биыл өңірде 12 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Алдын ала мәлімет бойынша, онда 10,6 мыңнан астам оқушы демалады.

Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның мақсаты — балаларды қабылдауға дейін барлық нысанның қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуін қамтамасыз ету.

Еске салсақ, бұған дейін лагерь таңдағанда нені ескеру керектігі жөнінде жазған болатынбыз.