ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары «Балаларды жалғыз қалдырмаңыз» акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, акция аясында Өскемен қаласындағы саябақтардың бірінде өрттің алдын алу негіздері және суда жүру ережелері бойынша қауіпсіздік викториналары ұйымдастырылды.
Балаларға түрлі сауалдарға дұрыс жауап беру қажет болды. Құтқарушылар жеңімпаздарды қайыққа мінгізіп, өрт сөндіру көлігінің рульіне отырғызды. Іс-шараға барлығы 500-ден астам бала қатысты.
«Акция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ата-аналардың назарын бүлдіршіндерді қараусыз қалдыру мәселесіне аударуға бағытталған. Өз балаларымыздың бос уақытын тиімді пайдаланып, қауіпсіздік ережелерін үйрету қаншалықты маңызды екенін көрсеткіміз келді», - делінген хабарламада.
Акцияны облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері белсенді түрде қолдап, жеңімпаздарға балмұздақ таратты.
Сонымен қатар ТЖД мамандары «Құтқару шеңбері» конкурсын өткізді. Қолөнер байқауы өңірде шомылу маусымының басталуына орайластырылған.
«Жалпы саны 30-дан астам жұмыс қазылар алқасына ұсынылды. Ең ерекше жұмыстар матадан тігілген және пластикалық ыдыстардан жасалған құтқару шеңберлері болды. Құтқарушылар қорытынды жасау кезінде байқау тақырыбына сәйкестігін, креативтілігін, қауіпсіздік негіздерін білуін ескерді. Жеңімпаздар Вероника Сионина, Мират Төлеубаев және Кәусар Минутбек болды», - делінген ведомство ақпаратында.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.