ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қыста балық аулау үшін мұз үстіне шығатындарға кез келген сәтте қауіп төнуі мүмкін. Сол үшін құтқарушылар балықшылар жиі баратын орындарға рейдтерді жалғастыруда. Ондағы мақсат – балықшыларға негізгі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру.
Қаңтар айының басынан бері ТЖД қызметкерлері, еріктілер және полицейлер бірлесіп 316 рет рейдке шығып, 43 нұсқаулық өткізіп, 3105 үгіт-насихат жадынамасын таратты. Облыс бойынша су айдындарында 46 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған.
«Балық аулау әуесқойлары мұздағы тесіктерді бір-біріне тым жақын қылуға және көп адам болып жиналуға болмайтынын қаперде ұстауы керек. Әрбір балықшыда ұзындығы 12-15 метрге жететін арқан болуы тиіс, оның бір ұшына ілмек жасалады. Шаңғымен мұз үстімен жүргенде мұздың беріктігін таяқшамен тексеріп, барынша абай болу қажет», - делінген ақпаратта.
Бір адам үшін қалыңдығы кемінде 7-10 см болатын көкшіл реңкті мөлдір мұз – өтуге қауіпсіз. Мұзда топтасып өту кезінде бір-бірінен 5-6 метр қашықтықты сақтау керек.
Мұзға шыққан кезде туыстарына немесе таныстарына хабарласып ескертіп қойған абзал. Сол үшін сапарға шығар алдында ұялы телефоныңызды толықтай қуаттап алыңыз.