ШҚО құтқарушылары қар құрсауынан 800-ден астам адамды қауіпсіз аймаққа көшірді

ӨСКЕМЕН. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ШҚО ТЖД-нің өрт сөндіру-құтқару құрылымы түні бойы облыстың бірнеше тас жолдарында жұмыс істеді.

ТЖД-дан хабарланғандай, облыс жолдарының басым бөлігі ауа райының қолайсыздығына байланысты күні бойына жабылды. Дегенмен кешке қарай бірнеше ауданнан қар құрсауында қалып қойған адамдар жөнінде ақпараттар келе бастады.

Жалпы алғанда, ТЖД-нің қызметкерлері 800-ге жуық адамды, сондай-ақ 308 көлікті қар құрсауынан құтқарып, қауіпсіз аймаққа шығарды.

Бұл - осы сағатқа келіп түскен ақпараттың бары, құтқару шаралары жалғасуда. Жезкент - Бородулиха, Семей-Бородулиха, Өскемен - Семей, Семей - Бұлақ, Семей - Мұрат, Степное - Өскемен, Шемонаиха - РФ шекарасы, Өскемен - Алматы, Өскемен - Риддер тас жолдары қозғалыс үшін қиындық тудырды.

ТЖ қызметкерлері «Марш» жол талғамайтын көлігімен Каменка аулының маңында жоғалып кеткен тракторшыны іздестіруде. Жолда қар құрсауында қалып қойған алты рейстік автобустың жолаушылары арнайы техникамен жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді.