ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көктем келіп, күн жылынысымен мұз үстінде балық аулау өте қауіпті. Алайда қауіпсіздікті ойламайтын балықшылар да кездеседі.
«Шығыс Қазақстанда 2021-2022 жылғы қыс мезгілінде балық аулау кезінде 3 адам суға кетті. Құтқарушылар су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізуде», - делінген ақпаратта.
Осы уақытқа дейін 1694 рейд жүргізілген. Балықшыларға мұздағы қауіпсіздік шараларын түсіндіру үшін 14 848 жадынама таратылды. Басты мақсат – адамдарға жұқа мұздың қауіптілігі туралы ескерту. Құтқарушылар апта сайын нұсқаулықтар да өткізеді.
«Қыстың басынан барлығы 7140 рет нұсқаулық өткізілген. Сондай-ақ құтқарушылар мектептерге барып, балаларға жұқа мұзға шығу өте қауіпті екенін түсіндіруде», - делінген хабарламада.