ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өрттің алдын алу үшін 60 мыңнан астам үйді аралап, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір аумағында 1145 өрт болған.
Жағдайды тұрақтандыру және тілсіз жаудың алдын алу үшін құтқарушылар күн сайын жеке тұрғын үйлерді аралауда.
«Үй иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нұсқама береміз. Егер жылыту жүйесінде қандай да бір олқылықты көріп тұрсақ, тұрғындарға өз қауіпсіздігі үшін бұзушылықтарды жоюды сұраймыз. Алайда біздің оларға айыппұл салуға немесе пешті жөндеуге мәжбүрлеуге құқығымыз жоқ. Сондықтан айтқанымыздан нәтиже шығару-шығармау тұрғындардың өз еркінде», - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Марина Лискова.
Қыркүйек айынан бастап құтқарушылар азаматтарға жылыту маусымында қауіпсіздік шараларына орай түсіндіру жұмысын жүргізу үшін 63 001 тұрғын үйді аралап шықты.
Оның ішінде 8172 әлеуметтік осал отбасының үйлері тексерілді.
Айта кетейік, былтырғы жылыту маусымында облыста 90 адамға иіс тиген. Ал биыл улы газдан 3 адам зардап шекті.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.