ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында эксперимент жасады. Мұндағы мақсат – пиротехниканы қолданған кезде қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарын көрсету.
«Эксперимент барысында манекеннің қолына пиротехника ұстатылды. Содан кейін қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін отшашу жағылды. Жарылыстың күші нұсқауды сақтамаудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Петардалар – жанғыш және тотықтырғыш заттардан тұрады. Сондықтан оны қолдану үшін аса абай болу қажеттігін түсіну керек. Пиротехниканың көбісінде секундына 3-5 миллиметр жылдамдықпен жанатын ұзын жіңішке жіп бар. Қауіпті аймақтың радиусы 60 метр», - деді департамент мамандары.
Сондай-ақ өрт кезінде түтіннен де адамға көп зақым келеді. Осы ретте, құтқарушылар пиротехника қолданған кездегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
«Әуелі өнімнің сертификатталғанына көз жеткізіңіз. Содан кейін пиротехниканы пайдалану ережелерімен танысу керек. Қаптама бүтін, жыртылмаған болуы тиіс. Пиротехниканы жаққан кезде темекі шегуге қатаң тыйым салынады. Көліктердің жанында отшашуды атуға болмайды», - делінген ведомство ақпаратында.