Семейдегі «Семей-Знаменка» автожолында қар суына батқан жеңіл көлік жолаушылары көмекке мұқтаж болды. Еске сала кетсек, су тасқынына байланысты «Семей-Қайнар» трассасы барлық көлік түрлері үшін жабылған еді.
Шаруа қожалығынан шыққан Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігі ауыл арасындағы жолда еріген қар суына тұрып қалған. Көлікте бес адам болған, оның екеуі балалар. Құтқару бөлімшелері келгенше шаруа қожалығының шопаны азаматтарға көліктен түсуге көмек берген, одан кейін ӨБ-7 қызметкерлері жолаушыларды Семейге әкеліп тастады.
Сол аралықта Глубоков ауданында «Шығыс аймақтық аэромобильді жедел-құтқару жасағының» құтқарушылары 2 адамды омартадан эвакуациялады. Олар омартаға қарда жүргіш көліктерімен Үлбі өзені арқылы жеткен. Бірақ, өзен мұзы еріп, кері қайта алмаған. Омбы қардан жаяу жүру де мүмкін емес еді. Құтқарушылар арнайы ТРЭКОЛ техникасымен екі адамды Өскемен қаласына жеткізді.
Эвакуацияланғандар арасында зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.