ШҚО құтқарушылары жолда қалған дәрігерлерге көмекке келді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында құтқарушылар жолда қалған дәрігерлерге көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жедел жәрдем қызметкерлеріне Глубокое ауданы Карагужиха ауылында 68 жастағы қарт кісінің инфаркт алғандығы туралы хабар түсті.

«Олар зейнеткерге медициналық көмек көрсету үшін бірден жолға шықты. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты науқасқа жете алмай, жолда қалған. Сол жерге облыстық ТЖД құтқарушылары шұғыл келіп жетті. Жол талғамайтын көлікпен дәрігерлерді тиісті мекенжайға апарып, қарт кісіні тексергеннен кейін оны ауруханаға дейін жеткізіп тастады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.