ШҚО аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, негізгі бәсеке бір мандатты сайлау округтерінде өрбіген. Бұл округтерде 528 адам депутаттық мандатқа үміткер. Оның ішінде 48 кандидат облыстық мәслихатқа, 108 кандидат қалалық, ал 372 кандидат аудандық мәслихаттарға сайлануға ниетті. Сонымен қатар партиялық тізімдерге 49 кандидат енгізілген.
Алайда сайлау науқанының соңғы кезеңіне барлық тіркелген үміткер жете алған жоқ. Түрлі себептермен 13 кандидат сайлау додасынан шығып қалды. Ал өңірде бастапқыда құжат тапсырған төрт саяси партияның үшеуі ғана - «Ауыл», «Ақ жол» және «Әділет» партиялары сайлау науқанын жалғастырып жатыр.
«Байтақ» партиясы әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыздық квотаны сақтамауына байланысты өз тізімін сайлаудан алып тастады. Сондай-ақ бір мандатты округтер бойынша ұсынылған кейбір кандидаттар заңнамада белгіленген қаржылық талаптарды орындамағандықтан тіркеуден өтпеді.
– Кандидаттарды тіркеуден бас тарту туралы шешімдер сайлау заңнамасында көзделген негіздер бойынша қабылданды. Жекелеген жағдайларда тіркеуден бас тартудың негізгі себебі – кандидаттардың белгіленген сайлау жарнасын төлемеуі. «Байтақ» жасылдар партиясы мәслихат сайлауына қатысу үшін ұсынған тізімін кері қайтарып алды. Тіркеудің соңғы күні кандидаттардың бірі – әйел адам сайлау додасынан шығып қалды. Соның салдарынан партиялық тізім әйелдер мен жастар өкілдігінің белгіленген 30 пайыздық квотасына сәйкес келмеді. Осы себепті партия сайлауға партиялық тізім бойынша қатысуын жалғастыра алмады, – дейді комиссия төрағасы Кинугул Бичуинов.
Сонымен қатар өңірде дауыс беру күніне қажетті инфрақұрылым толық дайындалған. Облыстағы 534 сайлау учаскесінің барлығы жасақталып, құпия дауыс беруге арналған кабиналармен, дауыс беру жәшіктерімен, жиһазбен, ұйымдастыру техникасымен, байланыс құралдарымен және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Облыс бойынша сайлаушылар тізіміне 484 350 адам енгізілген. Қазіргі уақытта учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, деректерді соңғы рет нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал тұрғындар өздерінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін білу үшін 109 бірыңғай қызметінің нөміріне хабарласа алады.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда 29 қарашада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейтіні хабарланған.