ШҚО медициналық туризм бағытын дамытады

Фото: Фото: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірдің туристік әлеуетін дамыту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Әкімнің айтуынша, облыста 320 медициналық мекеме бар, онда 8,3 мың адам жұмыс істейді, оның ішінде 2,2 мың дәрігер бар.

«Біз үшін денсаулық сақтауды, медициналық туризмді дамыту мәселелері бірінші кезектегі міндет болып отыр. Сонымен қатар, біз орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп шешетін бірқатар проблемалық мәселелер бар. Біріншіден, Өскемен қаласындағы гематология орталығы және Риддер қаласындағы аурухана кешені құрылысын аяқтау үшін қаржыландыру мәселесі бар», - деді Е. Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімі айтқан екінші мәселе – медицина ұйымдарының кредиторлық берешегін өтеу. Бұл бүкіл республика бойынша жүйелі мәселе.

«Біздің жоспарымызда медициналық туризмді дамыту да бар. Қазіргі уақытта онкологиялық және кардиологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу орталығын құру жөніндегі жобаны іске асырып жатырмыз. Оның басты айырмашылығы – жоғары технологиялық жабдықтармен тексеру ғана емес, санаторий жағдайында пациенттерді одан әрі оңалту», - деп түсіндірді Е. Көшербаев.

Айта кетейік, Ермек Көшербаев елордада Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп жатыр.

Бұған дейін өңір басшысы ШҚО-ның туристік әлеуетін дамыту шаралары туралы айтып берген еді.