ШҚО мемқызметкерлері жаңа жылды тойлаудан бас тартып, балалар мен қарттарға сый таратты

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Корпоративтің орнына қайырымдылық! Осы қағидатты ұстанған Шығыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының қызметкерлері жаңа жылдық кештің орнына балалар және қарттар үйлеріне сый таратып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, шығыстың мемлекеттік қызметкерлері Өскемен қаласының бірнеше әлеуметтік мекемесіне мерекелік көңіл-күй сыйлап, аз қамтылған отбасыларға сыйлық таратқан.

Мемлекеттік қызметкерлер жиналған ақшаға Аналар үйі мен мамандандырылған балалар үйіне ойыншықтар мен кітаптар, тәтті-дәмділер тартты. Осылайша, интернат үйі мен қарттар үйінің, мүгедектер мекемесінің адамдарына жүруді үйрететін арбалар, тонометрлер, арнайы үстелдер табыс етілген.

«Бізге тарту етілген сыйлықтарға көңіліміз көтеріліп қалды. Ең бастысы, барлығы - ең қажетті дүниелер», - деп әсерімен бөліседі соғыс ардагері, Шығыс Қазақстан облысындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйінің қамқорлығындағы Павел Наговский.

ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бауыржан Құдияровтың айтуынша, бұл жаңа жылда ұжым болып барлығы мерекелік корпоратив кешінен бас тартқан.  

«Мұндай акция біз үшін ізгі дәстүрге айналады. Ең алдымен, біз балаларға, ақсақалдар мен аналарға қуаныш сыйлай алған секілдіміз. Бұл мейрамда бәрі бір жерден сыйлық келетіндей күтіп жүреді ғой. Осы сыйды бере білгенімізге қуаныштымыз», - дейді Бауыржан Құдияров.

Айта кетерлігі, ведомство ұжымы бұл шешімді өз бетінше қабылдаған.

     

Соңғы жаңалықтар