Бағдарламаға шаңғы спорты мен сноубордтағы фрирайд, сондай-ақ, синхронды мәнерлеп сырғанау секілді жаңа жарыс түрлері енгізілді.
Ал шаңғы қоссайысы алдағы қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбей қалды. Мұндай шешім спорт түрінің танымалдығы, көрермен қызығушылығы, медиада қамтылуы және әлемде таралу деңгейі жан-жақты сараланғаннан кейін қабылданды.
Жалпы, ХОК Атқарушы комитеті үш жаңа спорттық бағыт пен 16 жаңа жүлде жиынтығын қосуды мақұлдады. Өзгерістер биатлонға, конькимен жүгіру спортына, шаңғы спорттарына, сноубордқа және ски-альпинизмге қатысты енгізілді.
Жаңа жарыстар қатарына биатлоннан аралас жекелей эстафета, конькимен жүгіру спортынан ерлер мен әйелдер арасындағы командалық спринт, фристайлдағы аралас командалық ски-кросс, сноубордтағы параллельді аралас командалық жарыс, шаңғымен тұғырдан секіруден әйелдер арасындағы командалық жарыс, сондай-ақ, шаңғы спорты мен сноубордтағы фрирайд және синхронды мәнерлеп сырғанау енгізілді.
Бұған дейін Олимпиада бағдарламасына қосымша спорт түрі ретінде бекітілген ски-альпинизмде ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей жарыстар, ерлер мен әйелдер арасындағы спринт және аралас эстафета өтеді. Сонымен қатар ХОК Атқарушы комитеті сноубордтағы параллель слалом-гигант жарысының Олимпиада бағдарламасында сақталатынын растады.
2030 жылғы Франция Альпілеріндегі қысқы Олимпиада ойындары тарихта алғаш рет спортшыларға бөлінетін квота саны бойынша гендерлік теңдік қамтамасыз етілетін қысқы Олимпиада болмақ. Жалпы саны 3046 спортшы қатысады: 1525 әйел және 1521 ер адам. Бағдарламада 126 жүлде жиынтығы сарапқа салынады: 56-сы әйелдер арасында, 55-і ерлер арасында және 15-і аралас жарыстарда.
ХОК мәліметінше, шаңғы қоссайысы танымалдығы мен әлемде таралу деңгейі жағынан өзге спорт түрлерінен әлі де артта қалып отыр. Соңғы төрт қысқы Олимпиада ойынында бұл спорт түрінен жүлде алғандар небәрі бес ұлттық олимпиадалық комитеттің өкілдері болды. Соған қарамастан, шаңғы қоссайысы 2028 жылы IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиада ойындары аясында Доломиттер мен Вальтеллина өңірлерінде өтетін жарыстар бағдарламасында қалады және 2034 жылы Солт-Лейк-Сити қаласында өтетін XXVIII қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайта енуге үміткер бола алады.
Бұдан бөлек, ХОК Атқарушы комитеті спорт нысандарының жаңартылған басты жоспарын да мақұлдады. Ски-альпинизм жарыстары Монженеврде өтеді. Бұл қолданыстағы спорттық инфрақұрылым мен Бриансондағы Олимпиада қалашығын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Паралимпиада ойындары өтетін спорт нысандарының жоспарына Олимпиада мұрасын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді.
Бұдан бұрын Александр Винокуровтың киімі Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада мұражайына сыйға берілгенін жаздық.