ШҚО-ның елордадағы мәдени күнінің шымылдығы «Шұғылалы шығыс шақырады» атты кавалькадамен түрілді

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Шығыс Қазақстан облысының елордадағы мәдени күнінің шымылдығы «Шұғылалы шығыс шақырады» атты кавалькадамен түрілді.

Астананың сол жағалауында орналасқан Мега ойын-сауық сауда орталығы жанынан бастау алған шеру барысында сан түрлі көлік мінген ертегі кейіпкерлері қала көшелерін аралап, елордалық тұрғындардың көңілдерін көтереді. Олармен бірге байкерлер тобы мен велошабандоздар еріп жүрді. Кавалькаданың әрбір аялдамасында астаналықтарға тосын сыйлар тарту етіледі.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының Астанадағы мәдени күні ертең Президенттік мәдени орталықта ресми ашылады. Оның «Туған жерге тағзым» және «Шығыс Қазақстан суретшілері. Дәстүр және қазіргі заман» атты көрмелері өтеді.