ШҚО-ның кейбір аудандарында қасқыр көбейіп кеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның үш ауданында қасқыр шабуылы көбейген. Мамандар өңірдегі «итқұс» популяциясын 50 пайызға дейін азайту қажет деп есептейді.

Қыс қаһарына мінген сайын қасқырлардың малға шабуылы жиілеп отыр. Әсіресе Катонқарағай, Ұлан және Тарбағатай ауданынның халқы қасқыр шабуылының жиілегенін айтып шағымдануда.

«Қасқырлардың популяциясына араласып отырғанымыз бір бұл емес. Жыл сайын осылай есеп жүргізіп, нәтижесіне қарай аулау шараларын қаржыландырамыз. Биыл Катонқарағай және Ұлан ауданында қасқыр көбейіп тұр. Тұрғындар күн сайын телефон шалып, дабыл қағуда. Сондықтан биыл олардың санын 50 пайызға азайту қажет деп шештік», - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Арман Есентаев.

Қасқыр ату науқанына жеке және заңды тұлғалар сыйақы төлеу арқылы тартылмақ. Басқарма өкілдері ересек қасқырдың біреуі үшін 12 000 теңге, бөлтірік үшін 6000 төлеуге уәде беріп отыр.

Басқарманың мәліметіне сенсек, өткен жылдың соңғы үш айында-ақ ауыл тұрғындары 358 қасқырдың терісін өткізіпті. Көктем шыққанша тағы 500-дей қасқыр аулануы тиіс деген жоспар бар.