ШҚО-ның Күршім ауданында найзағайдың әсерінен тұтанған өрт сөндірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 2023 жылғы 9 шілдеде сағат 15.00-де Күршім ауданындағы таулы жерде найзағайдың тікелей әсерінен құрғақ шөп жанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: пресс-служба МЧС РК

Оқиға орнына автокөлік техникасымен жету мүмкін болмағандықтан, жергілікті атқарушы органдардан, өрт сөндірушілер мен орманшылардан 34 адам жану ошағына жаяу жіберілді.

Өрт 10 шілде күні 00.00-де сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 3 гектарды құрады.

Естеріңізге сала кетейік, облыстың оңтүстігі мен батысында өрт қауіпінің жоғары деңгейі туралы ескерту бар.

ШҚО ТЖД халыққа ашық отты пайдалану кезінде өте сақ болуға, үйлер мен үй-жайлардың жанында от жағуға, құрғақ шөпті, қамысты өртемеуге кеңес береді.

«Көліктерден сөндірілмеген темекі, шыны ыдыстарды тастамаңыздар. От жағуға болмайды!»,-делінген хабарламада.