- Өртті ерте анықтау жүйелері облыстағы тоғыз орман шаруашылығында орнатылады. Барлығы 90 антенналық-діңгекті құрылым қойылады. Олар түтін шыққан жерді анықтап, ақпаратты орталық диспетчерлік пунктке жібереді. Мұндай діңгектер бізге аса қажет, себебі өңірдің жер бедері таулы болғандықтан өртті дер кезінде анықтау әрдайым мүмкін бола бермейді, - дейді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.
Мұндай жабдықтар Шығыс Қазақстанда алғаш рет орнатылады. Бұған дейін Бурабайда, Абай және Павлодар облыстарында іске қосылған.
- Маусым мен шілде айларында діңгектер Ұлан және Самар аудандарында орнатылады. Қалған құрылымдарды биыл жылдың соңына дейін және келесі жылы кезең-кезеңімен орналастыру жоспарланған, - дейді М.Құсайынов.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО ормандарында өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланғаны хабарланған.