ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Олар күн сайын 15-20 рет өрт сөндіруге аттанады.
«Көп жағдайда ыстық ауа райы мен адамдардың абайсыздығы от шығуына себеп болып жатады. Жыл басынан бері облыс ормандарында 67 өрт шықты. Шығыс Қазақстанда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қорғау күштері, полицейлер, орманшылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатарынан 46 мобильді топ құрылған», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта олардың қатарында 270 адам бар. Биыл 696 рейд өткізілді.
«Елді мекендерді өрттен қорғау үшін ТЖД қызметкерлері өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі талаптарының сақталуын мұқият қадағалайды. Осы ретте, ормандарда, ауылдарда және саяжай учаскелерінің іргелерінде жер жыртудың маңызы зор. Жер жырту үшін топырақты аударатын бульдозерлер мен тракторлар қолданылады. Соның нәтижесінде өрттің таралуына жол бермейтін жолақ пайда болады», - делінген хабарламада.