ШҚО өзендеріндегі су деңгейі ТЖ қызметкерлерінің бақылауында (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа температурасының жоғары болуына, қардың тез еруіне және жауын-шашынға байланысты Шығыс Қазақстан облысының өзендері мен су айдындарында су деңгейі көтерілуде. Су тасқыны қаупі бар өңірлерде адамдарды алдын ала эвакуациялау жүргізілуде. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖ Комитетінен хабарлады.

Бұқтырма өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты 2015 жылғы 27 сәуірде Зырян ауданындағы елді мекендердің тұрғындары эвакуацияланды. Малеевск к., Зубовск к., Быково а., Парыгино а., Снегирево а. 849 тұрғыны, оның ішінде 181 бала, эвакуациялау бекеттерінде және туысқандарының үйлеріне орналастырылды. Сонымен қатар қауіпсіз жерге 241 үй жануары және 395 құс шығарылды. Жұмыстарда ІІМ бөлімшелерден, жергілікті атқару органдардан және тартылған ұйымдардан 218 адам, 44 бірлік техника және 9 жүзу құралы жұмылдырылды. Зырянов кентінде 148 тұрғын үйді, Малеевск кентінде 120 үйді, Снегирево ауылында 60 үйді, Парыгино ауылында 20 үйді, Баяновск ауылында 1 үйді өзеннің көтерілген суы басты.

Хамир өзені тасыған Путинцево ауылында да адамдар эвакуацияланды. 112 тұрғын, оның ішінде 29 бала, жергілікті мектеп ғимаратында және туысқандарының үйлеріне орналастырылды. 8 су басқан үйдің қораларынан 35 үй жануары және 109 құс қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға орнында ШҚО ТЖ департаментінен, жергілікті атқарушы органдардан, аудандық ішкі істер бөлімінен және тартылған ұйымдардан 54 адам, 12 бірлік техника және 1 қайық жұмыс істеуде.

Глубокое ауданындағы Жаңа Үлбі кентінде бекеттер тұрғызылды, Үлбі өзенінің су деңгейіне бақылау жүргізілуде. Кентте орналасқан көпірге келетін жолдардың су басуынан құтқарушылар тұрғындарды өзеннің екі жағасынан өткізуін ұйымдастырды. Елді мекенде ШҚО ТЖД және жергілікті атқару органдарынан 40 адам, 8 бірлік көлік, 2 қайық және мотопомпа жұмыс істеуде.

Күршім ауданында құтқарушылар Бурабай ауылының 86 тұрғынын алдын ала эвакуациялады. 153 ірі және ұсақ мал қауіпсіз жерге шығарылды.

Барлық жерде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде, бақылау бекеттері қойылды, су деңгейі бақылауда.

«Қазгидромет» РМК берген дауылды алдын ала ескертуге сәйкес Шығыс Қазақстан облысының өзендеріндегі судың көтерілуі, тасуы және су басу 30 сәуірге дейін жалғасады.