ШҚО прокуратурасы: Мүгедектердің мәселесі кәсіпорындардың назарынан тыс қалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Жұмыс берушілер көп жағдайда өндірісте мүгедектік алған қызметкерлерінің құқықтарын ескермейтіндіктен, қадағалау ведомствосы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығының сақталуы бойынша ауқымды сараптама жүргізді. Бұл жайлы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлайды.

«Бақылау шаралары барысында 2015-2017 жылдардың өзінде-ақ кәсіпорындардан мүгедек болып шыққан 33 қызметкердің 18-і заңнамамен кепілдендірілген көмектерін ала алмағандығы анықталды. Бұл жағдайлар кәсіпорын басшыларының мүгедектер алдындағы заңда көрсетілген міндеттерін орындамағандықтан қалыптасып отыр. Мәселен, компания зардап шеккен қызметкерлерін шипажайлық-курорттық ем алумен, арнайы қозғалу құралдарымен қамтамасыз етуге, адамның мүмкіндігі шектеулі екендігін ескере отырып, олардың ұйым аумағына еркін кіре алуына жағдай жасауға, сондай-ақ, мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындарын құруға міндетті», - делінген ведомство баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, прокуратура хабарламасында, жұмыс беруші сауықтырудың барлық кезеңінде қызметкерін арнайы арбалармен, балдақ немесе протезбен, есту және көру қабілетін күшейтетін арнайы техникамен қамтамасыз етуге міндетті екендігі айтылған.

Алайда, құқықтық акт ережелері үнемі орындала бермейді. ШҚО прокуратурасы жұмыс берушілердің мүмкіндігі шектеулі қызметкерлеріне қатысты заңды бұлжытпай орындауға шақырды. Ал, құқығы бұзылған қызметкерлердің тікелей қадағалау ведомствосының 8 (7232) 243299 сенім телефондарына хабарласуды сұрайды.