ШҚО прокурорлары жүргізушіні заңсыз ақтаған сот үкімін бұзды

АСТАНА. KAZINFORM – Қылмыстық қудалау органы бұрын жүргізуші куәлігінен айырған азамат Б. көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған.

Фото: Kazinform

Алайда қылмыс құрамының белгілері мен іс бойынша жиналған дәлелдерге қарамастан, Самар аудандық соты сотталушы Б-ны негізсіз ақтады.

«2024 жылғы 23 қазанда Самар ауданы прокурорының апелляциялық өтінішхаты бойынша Шығыс Қазақстан облыстық соты бірінші саты сотының үкімін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарып, Б.-ны кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырды», — деп мәлімдеді бақылаушы органнан.

Облыс прокуратурасы көлік құралын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.