«Сараптамалық жұмыс тобы бір-бірімізге толассыз хат жазып, бір-бірімізді әуреге салмас үшін құрылды. Қағазбастылықтың кесірінен қаншама уақыт зая кететінін білесіздер. Мұнда талқыланатын бағыт бойынша сарапшылар жиналып, кез келген мәселені бір сағаттың көлемінде шешетін боламыз», - дейді жұмыс тобының жетекшісі, Еуропа даму және қайта құру банкінің стратегиялық менеджмент және маркетинг бағдарламасы жөніндегі кеңесшісі Елена Березинская-Әбілова.
Жиында жергілкті әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының, «Даму» қорының мамандары шағын бизнес өкілдерінің қордаланған мәселелеріне құлақ түрді.
Қатысушылар шағын бизнестің алдында көптеген кедергілер бар екеніне тоқталып, ғылым мен өндірістің арасы алшақтап кеткенін, жергілікті ғалымдардың жобалары қағаз бетінде қалып қойып жатқанын айтты. Ал өз ісін бастағысы келген жастар кәсібін дөңгелетіп әкетудің тиімді жолдарынан бейхабар.
«Ертіс» ӘКК өкілінің айтуынша, бизнесмендер саланы дамыту үшін мемлекет тарапынан жасалған игіліктердің өзін дұрыс пайдаланбай отыр. Соның айқын дәлелі - жартылай ғана жүктеліп тұрған индустриялық аймақтар. Бұл мәселе индустриялық аймақтарды дамыту туралы заң жобасы дайындалып жатқан бүгінгі таңда әсіресе өзекті. Шығыс Қазақстан бойынша мұндай аймақтар Өскемен мен Семей қаласында құрылып, қажетті инфрақұрылым толық тартылған. Тек Өскеменнің өзінде үш бірдей индустриялық аймақ бар. Жиынға қатысушы бизнес өкілдері осы аймақтарға ірі биснес нысандарымен бірге шағын кәсіпкерлер де кірсе деген пікірлерін білдірді.