ШҚО шаруалары 20 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтылмақ
ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл өңірдегі егіс алқабы 653 мың гектарды құрайды деп болжануда. Дәнді және бұршақты дақылдар - 285 мың гектарға, майлы дақылдар - 214 мың гектарға, жемшөп дақылдары - 135 мың гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдары - 19 мың гектарға егіледі.
«Бүгінде қажетті техника көктемгі егіс жұмыстарына 98% дайын. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облысқа Павлодар мұнай өңдеу зауытынан литріне 186 теңге босату бағасымен 20 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді», - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар топырақтың құнарын арттыру үшін 25 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған.
«Көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін шаруаларға 4 млрд теңгеден астам субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау көзделген. Бұдан бөлек, биыл ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге «Аграрлық несие корпорациясы»АҚ арқылы 8 млрд теңге мөлшерінде несие, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 1 млрд теңге беру жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.