ШҚО спортшылары армрестлингтен Азия кубогында топ жарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазанның 23-28 аралығында Тараз қаласында армрестлингтен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткен ашық Азия кубогында Шығыс Қазақстанның спортшылары жүлделі оралды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Бұл туралы ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің басшысы Елжан Қайырханұлы мəлім етті.

Азия Кубогына бірнеше мемлекеттен барлығы 14 команда қатысқан. Азиядан келген құрамалардан бөлек, Ресей, Германия, Украина, Латвия, Хорватия, Болгария, Иран сынды елдерден де спортшылар бақтарын сынаған.

"ШҚО-дан «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» атынан 3 спортшы жарыс жолына шығып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтсақ, Владимир Уфимцев пен Зарина Примак өз салмақтарында арбаға таңылғандар арасында 1 орынға ие болды. Сондай-ақ, есту қабілеті нашар спортшылар арасында Данияр Тайменов те жеңімпаз атанды" - деп хабарлайды Елжан Қайырханұлы.