ШҚО тас жолында қар құрсауынан 35 адам құтқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Жаңа жыл мерекесінде ШҚО ТЖД құтқарушылары қар құрсауынан 35 адамды құтқарды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өңірде жаңа жыл күндері  қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Желдің жылдамдығы секундына 28 метрге  дейін жетті.

1-3 қаңтарда Семей тас жолында «Семей қаласы-Знаменка ауылы» жолынан 40 шақырымда қар құрсауынан 14 адам құтқарылды, олардың екеуі бала.

 «Семей-Өскемен» жолында Алматы тас жолынан 50 шақырымда, «Абай-Семей»  жолының 24- шақырымында адамдар құтқарылды. Өрт қызметінің құтқарушылары мен өрт сөндірушілері техника көмегімен жалпы 20 адамды құтқарды.

Глубоковское ауданында жедел жәрдем қызметіне көмек қажет болды. Көлік қарға батып қалды. Көлік ішінде науқас адам болды. Құтқарушылар машинаны қардан аман-есен шығарып, көлік одан әрі өздігінен жүріп кетті.

Эвакуацияланған адамдар ішінде зардап шеккендер мен құрбандар жоқ.