ШҚО тауларында қарды түсіру бойынша жарылыс жұмыстары жалғасуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қар көшкінінің алдын алу шаралары «Өскемен-Серебрянка-Рахман қайнары» тасжолында жүргізілді.

«Құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары аталған тасжолдың 59-65 шақырымында жасанды жолмен қар көшкінін түсірді. Соның нәтижесінде, 2320 текше метр қар түскен», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, қыс мезгілі басталғалы бері өңір бойынша 58 рет профилактикалық қар көшкіні жүргізілген. Түсірілген қардың жалпы көлемі 48 220 текше метрді құрады.