ШҚО таулы жерлерінде қар көшкіні қаупі жоғары болып тұр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде апта соңына дейін қар көшкіні жүру қаупі жоғары.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 23 ақпанға дейін өңірдің таулы жерлерінде қар көшкіні жүру қаупі жоғары.
- Метеорологиялық жағдайдың өзгеруіне, қардың жиі жаууына және желдің күшеюіне байланысты облыстың таулы жерлерінде қар көшкіні түсуі ықтимал. Осы ретте, тұрғындарға барынша абай болуды, ешбір жағдайда тауға шықпауды ескертеміз. Егер қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар бірден «112» нөміріне қоңырау шалыңыздар, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сондай-ақ құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да жер үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 17 мыңға жуық дерек анықталғаны хабарланды.