ШҚО тұрғындары аптап ыстыққа байланысты дәрігерлерге жиі жүгіне бастады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында биыл соңғы жылдардағы ең ыстық жаз келіп отыр. Ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты күн өтуден зардап шегіп, медициналық мекемеге жүгінетіндер саны да артқан.

Фото: Рixabay

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, маусым айында өңірде күн өтуге байланысты 25 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен көп. Былтыр дәл осы уақытта медициналық көмекке 12 адам жүгінген болатын.

Дәрігерлердің айтуынша, күн өту - ұзақ уақытқа созылған аптап ыстықтың ең қауіпті салдарының бірі. Әсіресе егде жастағы адамдар, жүрек-қан тамырлары және созылмалы аурулары бар науқастар мен балалар қауіп тобына жатады.

– Егде жастағы адамдар мен созылмалы аурулары бар азаматтар күннің ыстығына осал келеді. Егер әлсіздік, бас айналу, жүрек айну, дене қызуының көтерілуі сияқты алғашқы белгілер байқалса, дереу салқын жерге барып, сұйықтықтың орнын толтырып, жағдайы нашарлап кетсе уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгіну қажет, – делінген ақпаратта.

Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық мезгілі – сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін ашық күн астында ұзақ жүрмеуге, ашық түсті жеңіл киім мен бас киім киюге, жеткілікті мөлшерде су ішуге кеңес береді.

Синоптиктердің болжауынша, өңірде алдағы күндері де аптап ыстық сақталады. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы 6 ауданда құрғақшылық қаупі бар екендігі жайлы жазғанбыз