ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, үйлерде өрт шығуына жиі себеп болатын жағдайлардың бірі – пештегі тамақты ұмыт қалдыру. 2023 жылдың басынан бері өңір құтқарушылары осындай себептен болған өртті ауыздықтауға 94 рет аттанды.
«Мұндай оқиғалар негізінен адамдардың ұмытшақтығынан болып жатады. Кастрөлді немесе табаны пешке қойып, оны пәтерді көк түтін басқан кезде ғана есіне түсіреді. Ұмытшақтар арасында - үй шаруасындағы әйелдер, қарт кісілер, үйге түнгі ауысымнан келетіндер және мас күйдегі адамдар бар. Кейде көршілердің шақыруына келген өрт сөндірушілер үй иелерін мүлдем таппайды», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.
Пеште тамақты ұмыт қалдыру өте қауіпті. Балалар, қарттар, тыныс алуы аурулары бар адамдар түтіннен зардап шегеді. Тамақты пешке қойып ұйықтап жатқан азамат ешқашан оянбай қалуы мүмкін.
«Тамақ күйген кезде әуелі түтін пайда болады. Жоғары температурадан жанғыш материалдар жанып кетуі мүмкін. Мысалы, жақын жерде тұрған шкаф, ілулі перде. Пластмассадан жасалған бұйымдар жылдам ери бастайды. Ал пластмасса улы заттарды шығарады. Пешке тамақ қойып ұмыт қалдырғаны салдарынан өрт шықса ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабы бойынша ескерту жасалып немесе жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - делінген ақпаратта.