ШҚО тұрғыны ғасырдан астам тарихы бар қаруды полицияға тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Заңсыз сақталған қаруды ақылы негізде қабылдау акциясы аясында полицияға 1900 жылы шығарылған, сирек кездесетін «Браунинг» жүйесіндегі тапанша тапсырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

20 сәуірден бастап Шығыс Қазақстанда атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыру бойынша республикалық акция жалғасып жатыр. Облыс тұрғындары науқанға белсенді қатысып келеді: бүгінгі таңда полиция бөлімшелеріне 49 атыс қаруы өз еркімен өткізілді. Әдеттегі аңшы мылтықтарының ішінен сарапшылардың ерекше назарын 1900 жылғы үлгідегі аңызға айналған «Браунинг» жүйесіндегі өздігінен оқталатын тапанша (калибрі 7,65 мм) аударды. Бұл — әйгілі қару-жарақ шебері Джон Мозес Браунинг жасаған, әлемдегі алғашқы сериялы өздігінен оқталатын тапаншалардың бірі.

— Тапанша сот-баллистикалық сараптамадан өтті, оның ақаусыз екені расталды. Қарудың көнелігіне қарамастан, ол өз жауынгерлік қасиетін сақтап қалған. Мамандар химиялық өңдеу әдісімен сериялық нөмірдің бір бөлігін қалпына келтіруге қол жеткізді, — деп атап өтті ШҚО полиция департаментінің криминалист сарапшылары.

Полиция заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсыру — оны заңдастырудың немесе қауіпті заттан жауапкершіліксіз құтылудың ең оңтайлы жолы екенін еске салады. Қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың іс-әрекетінде өзге де қылмыстық құқықбұзушылықтардың белгілері болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен толық босатылады.

Бұдан бұрын Қазақстанда қару-жарақты әкелу мен әкетуге қойылатын талаптар өзгергенін жазғанбыз.