ШҚО тұрғынының көлігінен 240 келіден астам тірі шаян табылды

Фото: Фото: ШҚО ПД

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы тұрғынының көлігінен полицейлер заңсыз ауланған 240 келіден астам тірі шаянды тапты. Шаяндар 16 қапқа салынған. 

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Браконьер» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатқан тәртіп сақшылары «Өскемен-Самар» тасжолында автокөлікті тоқтатқан.

«Тексеру кезінде көлік салонынан тиісті құжаттарсыз тасымалданған 16 қапқа салынған тірі шаяндарды тапқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген ақпаратта. 

Күдікті Өскеменге жеткізілді. Анықталғандай,ол 240 келіден астам шаянды басқа адамнан сатып алған. 

«Алдын ала дерек бойынша заңсыз шаян аулаудың салдарынан мемлекетке келтірілген залал мөлшері 1,6 млн теңгені құрады», - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде дәмхана маңында мәйіті табылған жігітті кімнің өлтіргені камерадан көрінгені хабарланған.