Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір халқы арасынан медицина сапасына көңілі толмай жатқандар аз емес.
«Қордың басты бағыттарының бірі – азаматтарға көрсетілген медициналық көмектің сапасын бақылап, пациенттер құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Осы ретте бірнеше коммуникация арнасы бойынша халықпен кері байланыс орнатылған. Жыл басынан бері бізге шығысқазақстандықтардан 1306 өтініш келіп түсті», - деді филиалдың халықты ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары жөніндегі бөлім жетекшісі Салтанат Адамова.
Оның айтуынша, 1406 бірыңғай медициналық ақпараттық call-орталығы түскен өтініштер саны жағынан көш бастап тұр. Бұл нөмір арқылы 645 адам хабарласқан.
«Арыз-шағымдардың дені медициналық көмектің сапасына және денсаулық сақтау саласындағы басқа да мәселелерге қатысты. Сондай-ақ азаматтар әр түрлі кеңес сұрап қоңырау шалуда», - деді С.Адамова.
Қор мамандары әр шағым бойынша тиісті шара қолданып, кейбір медициналық мекемелерге жоспардан тыс мониторинг жүргізді.