Тонаушы қолға түсті
Мария Ломакина Семей қаласындағы Шығыс кентінде тұрады. 26 қаңтар күні түнде оның жер үйіне ұры түскен. Бұл кезде үйде ешкім болмады. Арам пиғылын іске асырмақ болған адам құлыпты бұзып ішке кірген.
Бөлмелерді түгел тінтіген ол автокөлік бөлшектерін ұрлап кетті. Нақты айтқанда, беріліс қорабы, қозғалтқыш блогы және «Еlement-5» маркалы автомагнитола қолды болды.
«Таңертең сағат 10.00 шамасында үйге келдім. Басында өз көзіме өзім сенбедім. Үй іші астаң-кестең. Бірер сәттен кейін ғана есімді жиып, «102-ге» қоңырау шалдым. Полиция қызметкерлері көп ұзамай келіп жетті», - деп еске алды үй иесі.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері ұрының кім екенін анықтады. Содан соң 27 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Тергеу кезінде ер адам өз кінәсін мойындады. Ал ұрланған заттар жәбірленушіге қайтарылды. Ақпан айының ортасында іс сотқа жолданған.
«Ұрыны құрықтап, мүлкімді қайтарып берген сақшыларға мың алғыс! Осындай жұмысына адал азаматтар барда қауіпсіздігіміз үшін алаңдамаймыз. Дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін», - деді М.Ломакина.
1 сағаттың ішінде ұстады
Гүлмира Ахметова Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде орналасқан дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Бірде дүкенге келген бейтаныс әйел керекті заттарын таңдап алған соң, төлейтін ақшасы жоқ екендігін айтқан.
«Ақша төлеуіңіз керек» десем тыңдар емес. «Онда қарызға беріңіз» дейді. Олай болмайтындығын айттым. Сонда да біраз дауласты. Ақыры келіспейтінімді түсініп, көнгендей сыңай танытқан. Сөйтсем, кетерде біраз тауарды өзімен ала шығыпты», - дейді сатушы.
Ұрыға жем болғанын түсінген соң лезде полицейлерден көмек сұраған. Шұғыл келіп жеткен жоғары лейтенант Саят Сұлтанов дүкен ішіндегі бейнебақылау камерасының жазбасын қарап шығып, әлгі әйелдің кім екенін анықтаған.
Сөйтіп, 1 сағат ішінде күдікті қолға түсті. Құқық қорғау органының қызметкерлері оған қатысты қылмыстық іс қозғаған.
«Қысқа уақыт ішінде ұрыны ұстаған сақшыларға риза болдым. Қандай да бір қиындыққа тап болған азаматтарға қол ұшын созуға дайын тұратын сіздерге өз ризашылығымды білдіргім келеді. Осылай халықтың алғысына бөленіп жүре беріңіздер!», - дейді Г. Ахметова.