ШҚО тұрғындарын алдап соққан қыз 7 млн теңге пайда көрген

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тұрғындарын алдап соққан 20 жастағы қыз 7 млн теңге пайда көрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына хабарласқан азамат өз атына несие рәсімдеген танысына шара қолдануды сұраған. Белгілі болғандай, Зайсан қаласында тұратын 20 жастағы қыз одан басқа да адамдарды алдап соқты.

«Тұрғындарды сөзге тартқан қыз олардың атынан тауарлық несие алып отырды. Соның салдарынан 7 адам зардап шекті. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі – 7 370 000 теңгені құраған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полицейлер күдіктіні қолға түсірді. Ол өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізуде.