Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шығыс Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы өңір бойынша күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда 6400-ден астам науқас оңалтудан өткен.
Осы мақсатта 1,4 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды.
«Қызметтердің басым бөлігі ересектерге арналған травматологиялық оңалту емі мен медициналық оңалту бойынша көрсетілді, нақты айтқанда 1600-ге жуық пациент. Екінші орында неврологияға қатысты оңалту - 1220 адам», - дейді филиал басшысы Нұрлан Кідірбаев.
Сондай-ақ биыл шығысқазақстандықтар тар шеңберлі мамандардан 1,1 млн-нан астам мәрте кеңес алған.
«Стационарлық көмек көрсету мониторингінің қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстандағы медициналық ұйымдарда МӘМС есебінен 26 727 ота жасалды. Оның 260-ы - жоғары технологиялық медициналық ота. Бұдан бөлек, жыл бойы облыста 1 144 330 зертханалық зерттеу, 501 054 аспаптық диагностика жүргізілген», - дейді Нұрлан Кідірбаев.