ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары алаяқтың арбауына ілігіп, 200 млн теңге шығынға батқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тергеу басқармасы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі қарауда. Күдікті ретінде Аягөз қаласының 39 жастағы тұрғыны ұсталған. Анықталғандай, алаяқ жұртты инвестициялық жобалардан пайда табуға шақырып алдаған.
Осылайша оның арбауына 35 адам түскен. Жәбірленушілерге келген материалдық шығын мөлшері 200 миллион теңгеден асады.
«Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізуде. Соның нәтижелері бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.