ШҚО тұрғындарынан үлескер ретінде заңсыз ақша алған 4 компанияға айыппұл салынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарынан үлескер ретінде заңсыз ақша алған 4 құрылыс компаниясына 1 млн теңгеден айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір аумағында халықтан үлескер ретінде заңсыз ақша алған «Дейнека», «DALA SK INVEST», «Elit Stroy group» және «Royal Finance Group» компанияларына 300 АЕК (1 035 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Ал бесінші компания «ASILЖОЛGROUP» ЖШС-ның материалдары сотқа жолданған. Бұл туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан мәлім етті.

«Құрылыс компанияларының әлі салынбаған тұрғын үйді жарнамалауы және сатуы заңсыз. Адамдарды үлескерлікке тарту үшін оларға тиісті рұқсат керек. Үлестік құрылыс 3 тәсілмен ұйымдастырылады. Біріншісі, «ҚЖК» АҚ - бірыңғай операторынан кепілдіктер алу арқылы. Екіншісі, құрылысқа екінші деңгейдегі банкті тарту. Үшіншісі, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын тарту», - дейді басқарма басшысы Инна Ахаева.

Екінші және үшінші жағдайда жергілікті атқарушы органдардың рұқсаттары талап етіледі.

Іс жүзінде адамдар құрылыс компаниясының құжаттарын тексермей ақша салады. Бұл қиындықтарға әкеліп соғады.

Себебі компания жауапсыз болуы мүмкін, соның салдарынан сатып алушылар жұмсалған қаражатты қайтару үшін күрделі сот процедураларынан өтуі керек.

«Құрылыс компаниясы үй, пәтер қандай болатынын суреттер мен презентациялар арқылы ғана көрсетеді. Сатып алушыны өз пәтерін сатып алуға көндіруге тырысады, оны болашақ үйдің орналасатын жерімен, қосымша артықшылықтарымен тартып, баурай түседі. Бірақ сатып алушы қандай жағдай болмасын тиісті құжаттарды сұрауы керек», - дейді И.Ахаева.