СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының тұрғыны табиғатта аса сирек кездесетін құсты суретке түсіріп үлгерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жергілікті фотограф Андрей Куряшкиннің құстар әлемін зерттеп, қанаттыларды суретке түсіріп жүргеніне талай жыл болды. Таяуда ол Бейбітшілік аралындағы Ертіс өзенінің алқабында қоректеніп отырған таңшымшықты байқап қалған.
«Бұл құс негізінен біздің өңірді мекен етпейді. Таңшымшық бұл аймаққа ұя салмайды, тіпті жаз кезінде де келмейді. Оны осы қала аумағынан көру - мүлде тосын жағдай», - деді А.Куряшкин.
Алғаш рет бұл құс Семейде 1924 жылдың желтоқсанында көзге түскен. Екінші рет объективке 1950 жылы іліккен. Одан кейін 70 жыл бойы көрінбеген.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.