ШҚО тұрғыны қомақты қарызын қайтармас үшін өзін қарақшылық құрбаны ретінде көрсеткен

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғыны танысына 4 млн теңгеге жуық қарызын қайтармас үшін полицияға өзінің қарақшылықтың құрбаны болғаны туралы жалған хабар берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Риддер қаласының 30 жастағы тұрғыны өзіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлаған.

Жәбірленушінің айтуынша, түнде бетперде киген үш белгісіз адам оның үйіне баса-көктеп кіріп, күш көрсетіп, 3 820 000 теңгесін алып кеткен. Арыз түскен соң тәртіп сақшылары аталған факті бойынша ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғады.

Алайда кейіннен бұның шындыққа мүлде жанаспайтыны белгілі болды. Ер адамға қатысты ешқандай қылмыс жасалмаған. Ол танысына қарызын қайтармас үшін оқиғаны ойдан шығарған. Қала тұрғыны өз кінәсін толық мойындады.

Енді полицияға жалған хабар берген ер адам ҚР ҚК-нің 419-бабы 3-бөлігіне сәйкес үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.